2014 жылы əлемде 13 мың лаңкестік шабуылдан 30 мыңнан аса адам қаза болған - Е.Қарин

Лаңкестік əрекеттердің салдарынан 30 мыңнан аса кінəсіз адам қаза болған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин мəлім етті.
«Əлем бойынша терроризм қауіпі күшеймесе, сейілмей тұр. Париждегі лаңкестік пен Мысырдағы ұшақ апаты қазір басты назарда болғанымен, лаңкестік əрекеттердің көбеюі - бұрыннан байқалып келе жатқан үдеріс. Жалпы, терроризм актілерінің көбеюі 2000 жылдардан, əсіресе, 2005 жылдан бері қатты байқалып келеді. Егер, осы уақытқа дейін əлем бойынша жылына 500-600 террорлық əрекет орын алып келген болса, 2005 жылдан бері жылына 100 мыңнан аса лаңкестік əрекет жасалатын болған. Терроризм мəселелерін зерттеу жөніндегі Монтерей орталығының мəліметіне сүйенсек, 2014 жылы əлемде 13 мыңнан аса лаңкестік шабуыл орын алса,осы лаңкестік əрекеттердің салдарынан 30 мыңнан аса адам қаза болған»,-дейді Е.Қарин.
Оның айтуынша, әлемде тіркеліп жатқан лаңкестік әрекеттердің 60 пайызы небары 5 мемлекетке тиесілі. Бұлар - Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Үндістан және Нигерия елдері.
«Өкінішке орай, лаңкестік əрекеттердің саны артқан сайын, ажал құшқан бейбіт тұрғындардың да саны көбейіп барады. Сарапшылардың пайымдауынша, 2001 жылы АҚШ-тың Ауғанстанға, 2003 жылы Иракқа енуі таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия өңіріндегі жағдайды ушықтырып жіберген. әлемде тіркеліп жатқан лаңкестік әрекеттердің 60 пайызы небары 5 мемлекетке тиесілі. Бұлар - Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Үндістан және Нигерия елдері. Сонымен қатар, әлем бойынша лаңкестік әрекеттерден қаза тапқандардың жартысынан көбінің өлімі үшін Боко Харам мен ИГИЛ топтары жауапкершілік алған»,-дейді Е.Қарин.
Өзге дереккөздеріне сүйенсек, ИГИЛ тобы әр түрлі лаңкестік әрекеттерде қаза тапқан 20 мыңнан аса адамның өлімін мойнына алған.