2014 жылы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай кешігушілік болмайды - С.Қайырбекова

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы зәру науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай кешігушілік болмайды. Бұл туралы бүгін ОКҚ ұйымдастырған брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлімдеді.

2014 жылы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай кешігушілік болмайды - С.Қайырбекова

«Бүгінде зәру науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай олқылыққа жол берілмейді», - деді министр журналистердің бұрын жыл басында еліміздегі науқастарға тегін таратылуы тиіс дәрі-дәрмектің дер кезінде жеткізілмеуіне байланысты берілген сұрағына жауап ретінде.

«СК-Фармация» АҚ басқарма төрайымы Шолпан Ахметтің айтуынша, 2014 жылға бөлінген дәрі-дәрмек өткен жылдың қарашасында сатылып алынған болатын.

«Яғни үш ай бұрын барлығы сатып алынып қойылған. Сондықтан 2014 жылдың жартыжылдық қоры дайын тұр. Кейде мынадай жағдайлар болып тұрады: шамамен 10 шақты дәрі алынбай қалады, бірақ ондай олқылыққа біздің мүлде қатысымыз жоқ. Бұл кедергілер өндірушінің тарапынан болады. Дегенмен, бұл мәселені де шешуге болады, біз қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - деді Ш. Ахмет.

Оның мәліметінше, 1 қаңтардан бастап 2014 жылға арналған жаңа келісімшарт жасалып жатыр және медициналық ұйымдар соны қазынашылыққа тіркеуде. Қазір біз Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен келіссөздер жүргізіп отырмыз, өйткені дәл біздің келсімшарттарымыз қазынашылықта көп кідіріп қалып жатыр. Егер мұндай тежеулер болмаған болса, біз 1 қаңтардан бастап дәрілерді тарата бастар едік», - деді Ш. Ахмет.