2015 жылдан бастап бала асырап алуға жәрдемақылар бөлінеді - Г.Әбдіқалықова
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың қаңтарынан бастап бала асырап аламын деушілерге жәрдемақылар беріледі. Бұл туралы бүгін Астанада балалар құқығын қорғауға байланысты өтіп жатқан «Қазақстанда балаларға және олардың құқықтарын қорғауға арналған әділ сот жүйесін нығайту» атты конференцияда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
«Бүгінде елімізде 5 млн.-нан астам бала өмір сүреді. Бұл - Қазақстан халқының үштен бірі деген сөз. Сондай-ақ бұл көрсеткіш күннен-күнге өсіп келеді. Соңғы 10 жылда елімізде бала туу көрсеткіші 1,3 есеге өскен. Балалардың демографиялық өсу қарқынын ескере келе, Үкімет бабалар құқығын қорғау, оларға қажетті көмек көрсету саласында жоспарлы жұмыстар жасап келеді», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, бүгінде бала тәрбиелеп отырған отбасылардың барлығына бірнеше түрлі төлемдерқарастырылған.
«Мәселен, баланың тууына байланысты төлемақы, баланың 1 жасқа толуына дейін төленетін ай сайынғы төлемдер, бала тәрбиелеп отырған мүгедек жандарға берілетін төлемдер бар. Бүгінде баланың қамқоршыларына, патронатты тәрбиелеушілеріне арналған өтемақылар да енгізілген. Осы жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда жетім балалардың саны шамамен 10 мыңға азайды.Сонымен қатар 2015 жылдың қаңтарынан бастап бала асырап алушыларға бір реттік жәрдемақа да төленетін болады», - деп атап өтті Г. Әбдіқалықова.
Айта кетейік, Қазақстанның Балалар құқығы жөніндегі БҰҰ конвенциясын ратификациялауына 20 жыл толуына орай өткізілген конференцияға ҚР Жоғары сотының төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов, ҚР Әділет министрі Берік Имашев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов және басқада лауазымды тұлғалар қатысты.
Ал халықаралық ұйымдардан ҚР-дағы Еуропа Одағы өкілдігінің басшысы Аурелия Бушез, ҚР-дағыЮНИСЕФ өкілі Джун Кукита, БҰҰ балалар құқығы комитетінің мүшесі, жасөспірімдер ісі бойынша судья Рината Уинтер, сондай-ақ,басқа да әлемдік сарапшылар келді.