2015 жылдан бастап Қазақстанда мектептер 12 жылдық білім беруге көшеді
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - 2015 жылдан бастап Қазақстанда мектептер 12 жылдық білім беруге көшеді. Бұл туралы бүгін елордалық білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі аясында №54 мектеп-лицейде өткен «Астана мектептерінде 12 жылдық білім беру үлгісін енгізу тәжірибесі» секциясының отырысында белгілі болды.
«12 жылдық білім беруге көшу жағдайында әдістемелік қызметтердің жұмысын жобалау» тақырыбындағы секция 12 жылдық білім беруге көшу кезінде жүргізілген 10 жылдық эксперименттік жұмыстардың қорытындысын шығаруға арналған.
«Астана да басқа қалалар секілді тәжірибеге қатысады. Биыл қаладағы 8 мектептің 12 жылдық білім беру үлгісін енгізу тәжірибесіне қатысқанына 10 жыл болды, ал 2015 жылдан бастап, балалар бірінші сыныпқа 6 жасынан баратын болады», - деп хабарлады astana.kz сайтына «12 жылдық білім беру жүйесін қолдау және ағылшын тілі орталығының» директоры Бақыт Түлкібаева.
Отырыс барысында 12 жылдық білім беретін мектепте жоғары сынып оқушыларын оқыту ерекшеліктері, мұғалімдердің біліктілігін арттыру деңгейлі бағдарламасының негіздері мен міндеттері, 12 жылдық білім беруге көшу жағдайында мектептерде үйлестіру кеңесін құру, эксперименттік сыныптардағы оқу-танымдық қызметті жандандыру және т.б. мәселелер қаралды. Секция аясында «Астана мектептерінде 12 жылдық білім беру үлгісін енгізу тәжірибесі» көрмесі ұйымдастырылды, «Кәсіби білім беру: ересек өмірге қадам» баспа өнімдері және елордалық білім жүйесі туралы фильм көрсетілді. Бұдан басқа, №5 гимназияның 7-ші сынып оқушылары - «Табиғи-математикалық цикл пәндерін ағылшын тілінде оқу» ілкі жобасына қатысушылар физикадан зерттеу жұмыстарын ағылшын тілінде таныстырды.
Секция жұмысына Қазақстанның өңірлерінен келген білім қызметкерлері қатысты.
Еске салайық, 2003 жылдан бастап Астанада 8 мектепте (№ 18, 38, «Көгілдір желкен», №3, 4, 35, 16, 32) 12 жылдық білім беру үлгісін енгізу тәжірибесі қолға алынды. Тәжірибеге 123 оқушы қатысады, аталған мектептерде 147 мұғалім сабақ береді.