2015 жылдан бастап Қазақстанда тұтқындалған мүлік электронды аукцион арқылы сатылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдан бастап Қазақстанда тұтқындалған мүліктерді электронды аукцион арқылы сату жоспарлануда, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
«Тұтқындалған мүліктерді сату барысында жемқорлық көріністерді барынша төмендету үшін 2015 жылдың 1 қаңтарынан электронды аукцион жүргізілетін болады. Әділет министрлігі «онлайн» режімінде борышкерлердің мүлкіне сот орындаушыларының тұтқын қоюы және оны алуы жүйесін енгізуде. Бұл сот актілерінің дәл осы кезеңде орындалуында қиянат жасалу мүмкіншілігінің алдын алуға жағдай жасайды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот актісін өз еркімен орындау түсінігі алынып тасталды. Бұл орындаушылық санкциялардан бюджетке 10 пайыз өндіріп алу туралы мәселені шешу барысында сот орындаушыларының оны теріс пайдалану мүмкіндігінің алдын алады. «Сот орындаушыларының материалдық базасын жақсарту мақсатында оларды атқарушылық санкциялардан 10 пайыздық өтемақы сомасының бір бөлігі есебінен қаржыландыру туралы ұсыныс енгізілді», - деп атап өтеді ҚР Бас прокуратурасы.
2016 жылдың 1 қаңтарынан заңды тұлғалар пайдасына сот актілерін орындау жеке сот орындаушыларының құзіретіне беріледі. Бұл да мемлекеттік сот орындаушылары тарабынан құзіреттерін асыра пайдалану фактілерін тоқтатады.
Ведомство ақпаратына қарағанда, 2013 жылы сот орындаушыларының лауазымды тұлғалары 34 жемқорлық қылмыс жасады. Бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артық.