2015 жылдан бастап шегіртке зиянкестерінің таралу аумағы азаяды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР АШМ үйірлі шегірткелерге қарсы күресуде жаңа технологияларды қолдануда. Осы орайда сарапшылардың болжамы бойынша 2015 жылдан бастап шегіртке зиянкестерінің таралу аумағының азаюы күтілуде.

2015 жылдан бастап шегіртке зиянкестерінің таралу аумағы азаяды

Атап айтқанда, олардың таралуының шырқау шегі 2014 жылы болды.

«Биыл үйірлі шегірткелердің 3,8 млн. гектар жерде таралуы болжанып отыр, соның ішінде итальяндық прус - 3,2 млн. гектар, азиялық шегіртке - 541,9 мың гектар, марокко шегірткесі - 100,1 мың гектар аумаққа таралуы мүмкін»,-делінген министрлік мәліметінде.

Белгілі болғандай, шегірткелермен күресу іс шараларына республикалық бюджеттен 3,7 млрд. теңге, соның ішінде пестицидтер сатып алуға - 721 млн. теңге және химиялық өңдеу жүргізуге 3 млрд. теңге бөлініп отыр. Бүгінде конкурстар өткізіліп, пестицидтерді ұсынушылар, оларды сақтау, тасымалдау жұмыстарын орындаушылар және өңдеу жұмыстарын жүргізушілер анықталды. Қазіргі кезде барлық ұсынушылар және жұмысты орындаушылармен келісімшарттар жасалуда.

Айта кетейік, 2015 жылы үйірлі шегірткенің таралу қауіпі жоғары 39,2 млн. га жерде мониторингтік тексеру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Көрші елдермен арада мәселе туындатпау үшін, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас жерлерде шегірткелерді анықтау мақсатында және өңдеу жұмыстарының тиімділігін білу үшін бірлескен тексеру жұмыстары жүргізіледі. Әр кезең аяқталғаннан кейін бірлескен зерттеу актілермен хаттамалар әзірленбек.

Қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан облысында марокко шегірткесі бойынша аумақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.