2015 жылдың соңғы 10 айында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 10 пайыздан асты - ҚР Ұлттық банкі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 1 қаңтары мен 31 қазаны аралығында Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қорының зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,2 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«2015 жылы ҚР Ұлттық Банкі БЖЗҚ зейнетақы активтерін жалпы сомасы 971,6 млрд. теңгеге инвестициялады, оның ішінде:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған инвестициялар көлемі 419,0 млрд. теңге (орташа жылдық табыстылығы 8,14 пайыз), квазимемлекеттік ұйымдардың бағалы қағаздарына салынған инвестициялар көлемі 105,1 млрд. теңге (орташа жылдық табыстылығы 8,13 пайыз), екінші деңгейдегі банктердің қаржы құралдарына салынған инвестициялар көлемі 371,6 млрд. теңге (орташа жылдық табыстылығы 9,03 пайыз), еурооблигацияларға салынған инвестициялар көлемі 70,1 млрд. теңге (орташа жылдық табыстылығы 6,73 пайыз) және қазақстандық эмитенттердің акцияларына салынған инвестициялар көлемі 5,8 млрд. теңге болды», - делінген хабарламада.
Тұтастай алғанда, Ұлттық Банк 2015 жылы жүзеге асырған барлық жаңа инвестициялардың кірістілігі жылдық 8,33 пайызды құрады.
Айта кетелік, бүгінгі таңда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің жалпы мөлшері 5,5 трлн. теңгені құрайды.
Ал 2014 жылғы 1 қаңтардан басталған кезеңде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 17,1 пайыз болды.