2015 жылдың соңына дейін 11 спорт түрінен 40-тан астам олимпиада лицензиясын ұтып алуды жоспарлаудамыз - Е.Қанағатов

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың соңына дейін 11 спорт түрінен 40-тан астам олимпиада лицензиясын ұтып алуды жоспарлаудамыз. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Олимпиада комитетінің бірлескен кеңейтілген жиналысында Спорт және дене шынықтыру iстерi комитетiнiң төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті.

2015 жылдың соңына дейін 11 спорт түрінен 40-тан астам олимпиада лицензиясын ұтып алуды жоспарлаудамыз - Е.Қанағатов

Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың 9 айында Рио лицензиясын ұтып алуға үміткерлер олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін рейтингтік ұпай жинау үшін 347 оқу-жаттығу жиынына, 40-тан астам Азия чемпионатына, 28 лицензиялық әлем чемпионатына, 140-тан астам көпсатылы әлем кубоктарына қатысты. Нәтижесінде бүгінгі күні 36 спортшы спорттың 9 түрінен 33 лицензия ұтып алды.

«2015 жылдың соңына дейін біздерге тағы да 2 әлем чемпионатына қатысу міндеті тұр. Олар: ауыр атлетика мен батуттан секіру. Сонымен қатар су полосынан Азия чемпионатына қатысуымыз қажет. Бұл жарыстардан кемінде 10 олимпиада лицензиясын ұтып алу ойда бар. Жалпы, 2015 жылдың соңына дейін 11 спорт түрінен 40-тан астам лицензия ұтып алуды жоспарлаудамыз», - деді Е.Қанағатов.

Комитет басшысының айтуынша, ағымдағы жылы жалпы жоспарланған лицензиялардың 40 пайызын иелік етуіміз қажет.