2015 жылға қарай Қазақстан сандық телевидениеге көшеді

АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - 2015 жылға қарай Қазақстан  сандық телевидениеге көшеді, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің байланыс саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Виталий Ярошенко pm.kz. сайтына берген сұхбатында.

2015 жылға қарай Қазақстан сандық телевидениеге көшеді

«2015 жылдан бастап DVB-T2 форматындағы эфирлік сандық телевидение енгізіле бастайды», - деді В.Ярошенко.

Бұған қоса оның атап өтуінше, аталған жобаның еліміздің 300 елді мекенін, оның ішінде Алматы, Астана, Қарағанды, Жезқазған және Жаңаөзенді  қамтитын бірінші кезеңі жүзеге аса бастайды. 2015 жылға дейін спутниктік, эфирлік және жер бетіндік телевидение  барлық халықтың  95 пайызын  қамтиды деп жоспарлануда.

ККМ байланыс саласындағы мемлекеттік саясат  департаментінің директоры сандық телевидениені енгізудің артықшылықтарына тоқтала келе: «Сандық телевидение суретті анағұрлым сапалы әрі анық көрсетеді, оны қолданғанда тек 1 радио арна ғана пайдаланылады. Бұл басқа қажеттіліктерге жұмсалуы мүмкін  радиожиілік спектрін тазалауда  артықшылықтарға ие. Мысалы, мобильді технологияның дамуы. Бүкіл әлем осы бағытта қозғалып барады, Қазақстан да алғашқылардың бірі болып сандық стандарттарды енгізуде», - деді.