2015 жылға қарай Қазақстандағы жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттарының қуаты 17 млн. тонна өнім өңдеуге жетеді

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2015 жылға қарай Қазақстандағы жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттарының қуаты 17 млн. тонна өнім өңдеуге жетеді.

2015 жылға қарай Қазақстандағы жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттарының қуаты 17 млн. тонна өнім өңдеуге жетеді

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.

Жобаны талқылау барысында министр Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту туралы бағдарлама 2009 жылы қабылданғанын айтып өтті. «Биыл Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары басталып отыр. Оның бастапқы құны -1 млрд. 200 млн. долларды құрайды. Сонымен қатар, жақында Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының техникалық экономикалық негіздемесі бітіп, сараптамаға берілген болатын. Ал Павлодар зауытын жаңғыртудың техникалық-экономикалық негіздемесімен «Ени» компаниясы айналысып жатыр. Бұл да жыл соңына қарай бітуі тиіс. Жалпы 2015 жылға қарай осы үш зауыттың жаңғырған кезіндегі толықтай қуаты мұнай өңдеу көлемін 17 млн. тоннаға жеткізеді», дейді министр Сауат Мыңбаев. Оның айтуынша, қазіргі ішкі мұнай нарығының сұранысы 13,5 млн. тоннаны құрап отыр. «2015 жылға қарай өзіміз өңдейтін мұнайды 17 млн. тоннаға жеткізсек, ішкі сұраныс толық өзімізден қамтылады деп ойлаймыз», - деді С. Мыңбаев.