2015 жылға қарай педагогтердің еңбекақысы екі-үш есеге дейін өседі - Б. Жұмағұлов
ТАНА. 25 тамыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Мемлекеттік бағдарламада 2015 жылға қарай педагогтердің орташа жалақысын жеке сектордағы еңбек ақыға теңестіру көзделген және қазіргімен салыстырғанда екі немесе үш есеге дейін өспек.
Осындай мәліметтерді бүгін Астанада «Отбасы, мектеп, қоғам - игілікті болашақ үшін бірге!» республикалық педагогикалық форумы барысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов хабарлады.
«1 шілдеден бастап 30%-ға көбейтілген жалақыға қоса, 1 қыркүйектен бастап жоғары санатты мұғалімдер, біліктілігі үшін лауазымдық жалақысына 100% көлемде қосымша ақы алатын болады. Мемлекеттік бағдарламада 2015 жылға қарай педагогтердің орташа жалақысын жеке сектордағы еңбек ақыға теңестіру көзделген.
Қазіргімен салыстырғанда екі немесе үш есе өседі деген сөз. Бұл процесc басталып та кетті», - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар, Б. Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, 1 қыркүйектен бастап мұғалімдер біліктілігіне байланысты еңбекақыларына қосымшалар алатын болады. Жоғары санатты мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлері базалық жалақысының 100%-ы көлемде үстеме ақы алатын болады.
Министрдің айтуынша, соңғы 10 жылда білім беру жүйесін қаржыландыру 7,5 есеге артты. ЮНЕСКО-ның деректеріне сәйкес, Қазақстан білім беруді дамыту индексі бойынша 129 елдің ішінде төртінші орында.Қазақстан халықтың сауаттылық деңгейі бойынша 177 елдің ішінде 14-ші орында.