2015 жылы 29 мың азамат әскерге шақырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 сәуiрден бастап, мерзiмдi әскери қызметке шақыру басталады. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Қарушы Күштерi Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментi бастығының орынбасары - жасақтау басқармасының бастығы полковник Амантай Өсербаев мәлiм еттi.

2015 жылы 29 мың азамат әскерге шақырылады

"Әскери қызмет және әскери қызметшiлердiң мәртебесi туралы» заңға және Қазақстан Президентiнiң Жарлығына сәйкес, 1 сәуiрден бастап, мерзiмдi әскери қызметке шақыру басталады. Елдiң барлық өңiрлерi дайындық жұмыстарын жүргiзiп жатыр. Жергiлiктi басқару органдарының өкiмдерiмен шақыру және медициналық комиссиялары құрылды", - деп атап өттi ол.

Оның атап өткенiндей, биыл 29 мың азамат әскерге шақырылса, оның 12 мыңы көктемде қабылданбақ.

"Елбасының Жарлығына сәйкес, 2015 жылы мерзiмдi әскери қызметке 29 мың азамат әскерге шақырылады. Соның 12 мыңдай азаматы осы көктемде сәуiр-маусым айларында шақырылады. Әскери қызметке шақырудың мақсаты - елiмiздiң Қарулы Күштерiнiң қатарына денсаулықтары жарамды, психологиялық жағынан дайындалған, орта немесе жоғары бiлiмi бар азаматтарды қабылдау", - дейдi А. Өсербаев.