2015 жылы 424 шақырым жол жаңартылып, пайдалануға беріледі - «ҚазАвтоЖол»
АСТАНА. ҚазАқпарат - Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көлік жолдарын дамытудың барлық жобалары сапалы әрі уақытылы жүзеге асатын болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов мәлім етті.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні автожол саласындағы барлық жобалар өз уақытында жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Семей-Қалбатау» учаскесінің 118 шақырымы жаңғыртылған. Бұдан бөлек, Астана-Павлодар, Павлодар-Семей аралығындағы 496 шақырымды құрайтын 16 учаскеде жұмыстар жанданған.
«Осылайша, Астана күрежолы Ертіс өзені арқылы салынып жатқан көпірмен «Павлодар-Семей» автожолына жалғасады. Биыл осы бағыт бойынша 102 шақырым аяқталып, қалған учаскелер 2016-2017 жылдары екі кезеңмен қолданысқа беріледі», - деді Е.Қизатов.
Тұтастай алғанда, ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 1300 шақырымды құрайтын 40 жол учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. 2015 жылдың қорытындысы бойынша 424 шақырым жол пайдалануға берілмек.
Алдағы жоспарларға келсек, «Астана-Алматы» жобасы бойынша Теміртау, Қарағанды, Балқаш, Қапшағай қалалары арқылы жалпы ұзақтығы 1282 шақырым жол салу жоспарланған. Ал «Астана-Өскемен» жобасы ойынша жол бағыты Павлодар мен Семей қалалары арқылы өтіп, оның жалпы ұзақтығы 1018 шақырымды құрамақ. Ал «Астана-Ақтөбе-Атырау-Ақтау» бағыты келешекте Атырау қаласынан Ақтау мен Астраханға шығуға дейін жалғаспақ.
Осылайша, бұл бағытта шамамен 2000 шақырым жол жаңғыртылады.
«Үкіметтің қолдауы арқасында барлық жобалар Ұлттық қор мен халықаралық қаржы инститаттары тарапынан қаржылай қолдау көріп отыр. Сондықтан да «Нұрлы жол» бағдарламасында қамтылған барлық автожол саласындағы жобалар сапалы әрі уақытылы орындалады», - деді Е.Қизатов.