2015 жылы 6740 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының 2015 жылғы атқарылған жұмыстарының қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңдегі міндеттер айқындалды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады

2015 жылы 6740 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды

«Бақылау-қадағалау өкілеттігін жүзеге асыру барысында құқықтық статистика органдары 2578 тексеріс, 29 мыңнан аса салыстыру жүргізді, олар бойынша 188 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Осы орайда олардың негізінде 6740 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылып, соның ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін жауапкершілікке - 32 және әкімшілік жауапкершілікке - 65 адам тартылды»,-делінген ведомство мәліметінде.

Комитет төрайымы Сәуле Айтпаева ведомство алға қойылған міндеттерді орындай отырып, ең алдымен қоғамдық бақылау мен құқық қорғау органдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған осы заман талабына сай жаңа жобаларды ұдайы іздеу үстінде болатындығын атап өтті.

Жиын барысында азаматтардың өтініштерін есепке алуды дамыту бойынша толық автоматтандырылған жұмыс жүргізіліп жатқандығын, бірыңғай ақпараттық терезеге 7 мыңнан аса органдар мен түрлі деңгейдегі ұйымдар қосылғандығы айтылды. Атап айтқанда, Комитеттің сайтында өтініш иесі тұпнұсқаны пошта арқылы қолына алғанға дейін мемлекеттік органға берген өтінішінің жауабымен таныса алады.