2015 жылы Астанада 430 млн. теңгеге 12 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Астанада биыл 430 млн. теңгеге 12 көппәтерлі үй күрделі жөндеуден өтті. Бұл туралы бүгін «Өркен қала» ЖШС директоры Қаһарман Жазин мәлім етті.
«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы 2011 жылдан бері іске асырылуда. Содан бері күрделі жөндеуден шамамен 70 тұрғын үй жөнделді. Биылғы жылы барлығы 430 млн. теңгеге 12 үй жаңартылды. Осы қарқынмен 2020 жылға дейін жұмысты жалғастыра береміз», - деді ол бүгін журналистерге берген сұхбатында.
2015 жылы бөлінген қаражатқа 12 үйдің шатыры, қасбеті, подъездері, жертөлесі, инженерлік желісі жөнделіп, автоматтандырылған жылу пункттері орнатылды. Осының арқасында жылуды 30-50 пайызға дейін үнемдеу мүмкіндігі туып отыр.
Тұрғын үйді жөндеуге кеткен шығынды тұрғындардың өздері ай сайын шамамен 1500-6000 мың теңге көлемінде өтеп отырмақ.
«Ай сайынғы төлемнің көлемі пәтердің көлеміне байланысты. Тұрғын үйге кеткен шығын шаршы метрлерге бөлінеді. Пәтердің көлемі аз болса, төлейтін ақша да аз болады», - деп түсіндірді Қ.Жазин.