2015 жылы Астананың қол жеткізген жетістіктері (ФОТО)

Бұл туралы Астана қаласы әкімінің ресми порталы хабарлады.
Астана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бастамаларының табысты жүзеге асырылуының символы болып табылады. Қазақстанның тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында елорданы ауыстыруды ұсынған Елбасы болатын. Бүгінде еліміздің саяси және әкімшілік ресурстары Астанада шоғырланған, қаржы секторы жоғары қарқынмен дамуда, елордамыз Қазақстанның ғылыми және білім орталығына айналып келеді.
Биыл маңызды саяси шара - Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткізілді. Астанада 189 сайлау учаскесі ұйымдастырылды, 400 мыңға жуық сайлаушы тіркелді. Сайлау қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 97,7%-ы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның саяси бағытын қолдау үшін дауыс берді.
Тиімді және табысты жұмыс үшін жұмыстың басым бағыттарын анықтау қажет. Ақпан айының басында қала әкімі Әділбек Жақсыбеков халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. Шара барысында қаланы дамытудың басты бағыттары айқындалды. Әлеуметтік сала, соның ішінде жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, жұмысқа орналастыру үшін бос орындар тізімін кеңейту - жұмыстың басым бағыты болып белгіленді. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Астанада жұмыссыздық деңгейі республика бойынша ең төмен көрсеткішке жетіп, 4,6% құрады. 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 10 мыңға жуық адам жұмыссыздықтан қорғайтын әлеуметтік шаралармен қамтылды.
Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмайды. 2015 жылғы 1 қараша жағдайы бойынша туу көрсеткіші 2014 жылдың (29,19) сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,7% ұлғайды және 1000 адамға шаққанда 30,27 құрады, бұл 1478 балаға артық, яғни, 21765 сәби дүниеге келген.
Биыл Астанада төрт денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді - қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, амбулаториялық-емхана кешені, БМСК орталығы, онкодиспансерге жапсарлас салынған ғимарат.
Жалпы, жыл қорытындысы бойынша елордада экономиканың өнеркәсіптік секторында оң үрдіс байқалады. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ғана жалпы өңірлік өнім өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4,3% ұлғайды. Оның республикалық көлемдегі үлесі 10,8% құрады. 2015 жылы негізгі капиталға тартылған инвестициялар 16% артты. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 5,4% өсіп, 273,9 млрд. теңгені құрады, бұған өңдеуші өнеркәсіпте өнім өндірудің 5,7% ұлғаюы септігін тигізді.
Үстіміздегі жылы елордада төрт жаңа ірі өнеркәсіптік кәсіпорын ашылды, бұл жұмыс орындарының санын арттыруға мүмкіндік берді. 11 желтоқсанда Индустриаландыру күні аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «GEVO» ЖШС «Astana Diesel Engines» дизельдік қозғалтқыштар шығаратын зауытты және «Астана Ютария ltd» өндірістік инновациялық компания» ЖШС тігін жабдықтары мен тоқыма өнімдер шығаратын зауытты іске қосты. Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстандағы алғашқы «УниверMAG.kz» отандық өнімдер сату орталығы ашылды.
Айта кетейік, желтоқсан айының басында Астананың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 659 780 млн теңгені құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 16% артық. Астананың республикалық көлемдегі үлесі - 10,9%. Үстіміздегі жылдың қазан айында елордада VI «AstanaInvest 2015» халықаралық инвестициялық форум өтті, оған әлемнің 56 мемлекетінен 3500 адам келді. Форум барысында 110 астам бизнес-кездесу өткізілді, түрлі алаңдарда жалпы сомасы 1,5 миллиард АҚШ долларынан астам 37 меморандумға қол қойылды. Екі күннің ішінде делегаттар 14 көрме кешенінің жұмысымен танысты: «SmartAstana» павильоны, «EXPO», «Астанада жасалған», «АSTRA» көрмелері, қалалық әкімдік басқармалары және инвестициялық жобалар.
Тұрғын үй құрылысы - қалалық биліктің жұмысының м аңызды бағыты. 2015 жылы елордада 1,5 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,6 есеге артық.
Білім саласы әкімдік жұмысының маңызды бағыты болып қалады. Биыл елордалықтар Ұлттық бірыңғай тестілеуде де жақсы нәтиже көрсетті. Астана композиттік индекс бойынша ел өңірлерінің арасында бірінші орынға шықты. Ал қатысу коэффициенті бойынша ең жоғары көрсеткіш - 81 баллмен басқа қалалардың ішінде көш бастады. Астаналық оқушылар бірнеше жылдан бері республикалық олимпиадаларда ғана емес, сонымен қатар, халықаралық жарыстарда жүлделі орындар алып жүр. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша елордалықтар халықаралық жарыстар мен олимпиадаларда 200 астам жүлдеге қол жеткізді.
Астанада балаларды орта біліммен қамту мақсатында жыл сайын заманауи мектептер салынады. Биыл 17 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады, жалпы, жаңа оқу жылында 115 099 оқушы мектепке барды. Оқу жылының басында елордада жаңадан үш мектеп ашылды: № 77 мектеп-гимназиясы, № 79 мектеп-гимназиясы, сондай-ақ қазақ және ағылшын тілдерінде оқытатын дарынды балаларға арналған «Astana English school» гимназиясы.
Қалада мектепке дейінгі білім, балабақшаға кезекті азайту мәселелеріне ерекше назар аударылады. 2015 жылы 7 балабақша салынды, көктемде және күзде топтау аясында мектепке дейінгі мекемелерден орындар бөлінді.
Үстіміздегі жылы қала тұрғындары мен қонақтары бірқатар мәдени шараларды да тамашалады. Астананың туған күніне орай ауқымды халықтық серуендер, концерттер мен фестивальдар ұйымдастырылды. Қаланың 17 жылдығы «Жан жүрегім - Астана» ұранымен өтті. Елорда күнін мерекелеу аясында 40 астам ашық алаңда спорттық марафондар, қазіргі заманғы және рок музыка фестивальдары, көше биі, жауынгерлік өнер бойынша халықаралық фестивальдар, «Нұрлы Есіл» бірегей пиротехникалық шоуы, Сулы-жасыл желекте art-fest шаралары ұйымдастырылды, «Думан» ойын-сауық орталығының алдындағы алаңда этнофутуристік ARKAIM 3D ойын-сауық қаласы орналасты. Мәдени-бұқаралық шараларды өткізу барысында оларды ашық алаңдарда өткізуге басымдық берілді. Бұл шараны тамашалауға келген адамдар санын арттыруға мүмкіндік берді.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жерұйық» паркінде генерал Иван Панфиловқа арналған ескерткіш ашылды. Биіктігі 2,5 метрлік ескерткіш қоладан жасалған. Оның ортасында гүл қоюға арналған плита бар. Шығыс жағында аллеяның бойымен табиғи граниттен Мәскеу түбіндегі шайқаста қаза тапқан 28 жауынгер-панфиловшыға арналған ескерткіш тақталар орналасқан. Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парад соңғы жылдардағы ең ауқымды шеру болды. Оған қатысқан жеке құрам мен әскери техниканың саны рекордтық көрсеткішке жетті. Әскери парад мемлекеттік телеарналардан, сондай-ақ, қаланың бес алаңында (жаңа Оқушылар сарайы, «Қазақстан» СК жанындағы «Студенттік» парк, қалалық әкімдік алдындағы алаң, Қошқарбаев көшесінде «Хайвилл» ТК қарсы «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаң) тікелей көрсетілді.
Биылғы атаулы даталардың бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. 6 ақпанда Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты ашылуы өтті. Шара аясында Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков «20 ізгі іс» Қазақстан халқы Ассамблеясы эстафетасының символы -Тайқазанды Ақмола облысына ұсынды. Бірнеше ай бойы Тайқазан еліміздің өңірлерін аралап, «ізгі істерге» толтырылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясының ашылуы қарсаңында Астанаға әкелінді.
«ҚХА - 20 ізгі іс» акциясы аясында елімізде 35 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 2 500 шара өткізіліп, оған 620 мыңнан астам адам қатысты. Бұл акциялар халықтың әлеуметтік осал топтарына, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға, балалар үйлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталды.
Қыркүйек айының ортасында республикамыздың өңірлернің 1,5 мыңнан астам өкілі Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге арналған мерекелік шараларға қатысу үшін Астанаға келді. «Қазақ елі» алаңындағы этноауылда облыстардан 50 киіз үй тігілді. Олардың әрқайсысы өз өңірінің ерекшелігін көпшілікке паш етті. Үш күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары үздік шығармашылық ұжымдардың өнерін, театрландырылған қойылымдар, халықтың қолданбалы өнер элементтерін және қазақ қолөнерін тамашалады. Мереке қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, ағаштан жасалған заттар мен әшекейлерді, зергерлік бұйымдарды, керамика, музыкалық аспаптар, картиналар мен ұлттық киімдерді көре алды. Бұдан басқа, келушілер ұлттық спорттық жарыстарда шеберлік байқасты.
Биылғы жыл спорттық жетістіктермен де есте қалады. Қазақстандық футбол тарихында алғаш рет «Астана» футбол клубы УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шықты. Елордалық футболшылар «Астана - Арена» стадионында белгілі еуропалық командалармен кездесіп, жоғары шеберліктерін көрсетті. Футбол маусымының қорытындысы бойынша «Астана» ФК қазақстандық Премьер-лига чемпионы атанды.
Биыл өткен маңызды шаралардың бірі ретінде «Барыс - Арена» көпфункционалды мұз сарайының ашылуын, дзюдодан лицензиялық әлем чемпионатын өткізуді, бұқаралық спорттық марафондар мен жарыстарды атап өтуге болады.
Күрделі экономикалық жағдайды ескере келе, алдағы жыл да оңай болмайды. Бірақ қалалық билік әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтап қалу міндетін алға қойып отыр.мемлекет барлық әлеуметтік міндеттерді орындап жатыр, және осы бағыттағы жұмыстар 2016 жылы да жалғасын табады. Қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға, елорданы абаттандыруға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, бизнес саласы мен инвестициялық жобаларға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады.
Елорданы дамыту барлық бағыттар бойынша жалғасады.
"Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймыз!", - делінген хабарламада.