2015 жылы бірде-бір гектар алқаптың астығы қар астында қалған жоқ - Е.Сұлтанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы бірде-бір гектар алқаптың астығы қар астында қалған жоқ. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов осылай деді.

2015 жылы бірде-бір гектар алқаптың астығы қар астында қалған жоқ - Е.Сұлтанов

Әкім өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «өткен жылғы астықтың жиналмай қар астында қалып, шіріп кетті» деген ақпараттың жалған екендігін атап өтті.

«Бірден айтайын, 2015 жылы бірде-бір гектар алқаптың астығы қар астында қалған жоқ. Өткен брифингте де маған дәл осы сұрақты қойған еді. Ол кезде мен 2014 жылы 93 мың гектар алқабы қар астында қалғанын айтқанмын. Өйткені, 2014 жылдың егін науқаны барынша қиын болған еді. Ал ағымдағы жылға қатысты айтар болсам, біз егістік жұмыстарына дайынбыз», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар Е.Сұлтанов өз сөзінде көктемгі егістік жұмыстарына қажетті техникалық 73 пайызы дайын екендігін, бұл көрсеткіш наурыз айында 100 пайызға жеткізілетіндігін баса айтты.

«Бұған қоса, қазіргі уақытта шамамен 30 мың техника дайындалуда. Оның 1200-інің өнімділігі өте жоғары. Олардың әрқайсысы 2-3 мың гектар алқаптың астығын орады. Біздің барлық комбайндарымыз дайын болады. Ең бастысы ауа райы қолайлы болса болғаны», - деді ол.