2015 жылы елорда маңындағы Талдыкөл сарқынды суды жинақтау орны жойылады - И.Тасмағамбетов

Бұл туралы бүгін Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен елорданың әрі қарай дамуы мәселеріне арналған кеңес барысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
«Сіздің келесі тапсырмаңыз Талдыкөл сарқынды суды жинақтау орнын жоюмен байланысты. Бұл айтарлықтай ірі жоба, іс жүзінде жүзеге асырылуы 5 жылға, 2011-2015 жылдарға арналған», - деді ол.
Оның атап өтуінше, өткен жылы кәріздік тазалау құрылғысына арналған инфрақұрылым нысаны мен тазарған сарқынды суды Есіл өзеніне ағызатын коллектор салынған. Ал ағымдағы жылы құрылысты ұйымдастыру жобаларын жаңғырту жұмыстары аяқталып, тазартуға арналған блоктың құрылысы басталады.
«2013 жылдың өзінде-ақ Талдыкөлге сарқынды судың құйылуын тоқтату және тәулігіне 118 мың текше метр су тазалайтын құрылғының бірінші кезегін салу жоспарлануда. 2014 жылы сарқынды суды жинау орнының жою жұмыстары жалғасады», - деді И.Тасмағамбетов.
Қала басшысының айтуына қарағанда, 2015 жылы қаланың кәріздік тазалау құрылғысының өнімділігі тәулігіне 254 мың текше метрге жеткізіледі. Қазіргі уақытта бұл көлем 136 мың текше метрді құрап отыр.
«Барлық орындалған шаралар тазартылған сарқынды судың сапасын шаруашылық маңыздағы нормаға дейін жеткізіп, талдыкөлді су бұру жүйесінен жнақтаушы ретінде жоюға мүмкіндік береді», - деді ол.