2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай үлкен шаралар өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Керей мен Жәнібек хандардың Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймаққа орналасып, қазақ Туын көтергенінің 550 жылдығына орай ауқымды шаралар өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай үлкен шаралар өтеді

«2015 жылы біздің еліміздегі елеулі оқиғалар ауқымды түрде өткізілетін ерекше жыл болады. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығы, Қазақстан Конституциясының жиырма жылдығы, сонымен қатар Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қамтылмақ. Атап айтқанда, алдағы жылдағы үлкен шара Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығының байланысты болады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Елбасының тапсырмасы бойынша министрлік қазіргі кезде үлкен тұжырымдама жасап, бүгінгі Үкімет отырысында осы құжат кеңінен талқылаудан өтті. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегіне сүйене отырып, бүкіл ғалымдар бір тұжырымға келді. Яғни осыған сәйкес,1465 жылы Қазақ хандығының алғаш құрылған кезі атап өтілген.

Атқарылатын шаралар негізгі үш бөлімнен тұрады. Біріншісі - патриоттық бағытта, екіншісі - ғылыми-танымдық деректі фильмдерді, көркем фильмдерді жасауды, үшіншісі - ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтиды.

«Қазақ хандығының бірінші құрылған жері Шу мен Талас өзендерінің арасындағы алқапта 2015 жылғы қыркүйекте Елбасының және халықаралық үлкен меймандардың қатысуымен ауқымды шара өтеді», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.