2015 жылы Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға бағытталған контейнерлік жүктер екі есеге артты
АСТАНА. ҚазАқпарат -2015 жылы Қытайдан Еуропа елдеріне Қазақстан арқылы бағытталған контейнерлік жүктер көлемі екі есеге артты.
Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потлов мәлім етті.
«Контейнерлік тасымалға келетін болсақ, 2015 жылы Қытайдан Еуропа елдеріне Қазақстан арқылы бағытталған контейнерлік жүктер көлемі екі есеге артты және 50 мың тоннаға жетті. Енді осы көлемді сақтап қана қоймай, оның көлемін арттыра беру керек. Ол біздің контейнерлік тасымалдағы әлеуетімізді пайдалануға мүмкіндік береді», - деді Д.Потлов ОКҚ брифингісінде.
Сонымен қатар, оның айтуынша, контейнерлік тасымалдарды дамыту аясында Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдаудың мүмкіндігі туып отыр.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Құрық портында қуаты 4 млн тонна жүк өткізуге жететін паром кешені салынуда. Батыс Қазақстанның ең маңызды инфрақұрылымдық нысан - Ақтау халықаралық теңіз порты. 2015 жылы Ақтау портының солтүстік бағытқа жөнелтілетін жүктер үшін кеңейту жұмыстары аяқталды. 3 млн тонна құрғақ жүктерді ауыстырып тиеу бойынша 3 жүк терминалы салынды. Біз аталған порттың қуатын 21 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», - деп түйді ойын Д.Потлов.