2015 жылы Қазақстанда онкологиялық скринингтер аясында ересектер арасында 1,5 миллионнан астам тексеру жүргізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күні аясында бүгін еліміздің барлық өңірлерінде «Біздің қолымыздан келеді! Менің де қолымнан келеді!» ұранымен онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте кезеңде анықтауға арналған онкүндік басталды.

2015 жылы Қазақстанда онкологиялық скринингтер аясында ересектер арасында 1,5 миллионнан  астам тексеру жүргізілді

Шара шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында және онкологиялық диспансерлерде ашық есік күндері ұйымдастырылады. Азаматтар тегін медициналық тексеруден өтіп, бейінді мамандардың кеңесін ала алады.

Онкүндіктің мақсаты - онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте кезеңде анықтау мәселелерінде тұрғындар мен медициналық қызметкерлердің хабардарлығын арттыру, сондай-ақ скринингтік тексерулерден уақтылы өтудің қажеттігі жөнінде халықты ақпараттандыру болып табылады.

Бұл бағыттағы іс-шаралардың барлығы өңірлерде 1-10 ақпан аралығында өткізіледі.

«Онкологиялық аурулармен күресу - ҚР денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Отандық денсаулық сақтау ұйымдарында обырды диагностикалау және емдеуге қажетті барлық озық технологиялар бар. Әсіресе, ауру ерте кезеңде анықталған жағдайда науқас үшін обырдан толықтай айығып кетуге мүмкіндік бар. Скринингтік медициналық тексерістер қатерлі ісіктің алдын алуда және ерте кезеңде анықтауда ең тиімді тәсіл болып табылады. 2015 жылы республикада онкологиялық скринингтер аясында ересек тұрғындардың мақсатты топтарына 1,5 миллионнан астам тексеру жүргізілген болатын»,-делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінде.