2015 жылы «ҚазМұнайГаз» мұнай өндіру көлемін 1 пайызға арттырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өндіру көлемін тек 1 пайызға арттырды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған компанияның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев мәлім етті.
None
None

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша айтатын болсақ, ҚМГ бір жыл бұрынғымен салыстырғанда өндіру көлемін 1 пайызға арттырды. Сонымен қатар өндіру жоспары да орындалды. Республика бойынша өндіруде кейбір төмендеулер орын алды, алайда «ҚазМұнайГазда» бұндай жағдай болған жоқ. Яғни, өндіруде бізде біршама өсім бар»,-деді С. Мыңбаев.

Мұнымен қоса ол ҚМГ үшін қаржылық көрсеткіштер бойынша өткен жыл жаман болмағанын атап өтті.

Компания мәліметіне қарағанда, 2015 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобында мұнай мен газ конденсатының шоғырландырылған өндіру көлемі 22 млн. 670 мың тоннаны құрады. Табиғи және іліспе газды өндіру 7 255 млн. текше метрге жетті.

Сонымен бірге, өткен жылы Қазақстанда мұнайды қайта өңдеу көлемі 16 млн. 295 мың тоннаны құрады. 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайы бойынша Қазақстанның мұнай өнімдерінің бөлшек нарығында ҚМГ компаниясының үлесі 16 пайызды қамтыды. 2018 жылға қарай компания нарықтағы үлесін 20 пайыздан кем емес деңгейде өсіруге, ал 2022 жылға қарай 32 пайызға дейін арттырмақ.

Соңғы жаңалықтар