2015 жылы көрерменге жол тартатын Қазақстанның 8 төл фильмi
Асқар Ұзабаевтың «Жол» (Путь боксера) атты спорттық драмасы көше төбелесінің жас өкілі туралы баяндайды. Ол алматылық «барахолкада» нәпақасын тауып жүріп, түнде астыртын ұйымдастырылатын ережесіз жекпе-жектерде бағын сынап жүреді. Уақыт өте келе кәсіпқой бокстың даңғыл жолы - оның маңдайына жазылған тағдыр екенін ұғынады.
Қазақ көрермендеріне танымал болған Ермек Тұрсынов «Келін» және «Шал» кинотуындыларының жалғасын биыл түсіріп бітпек. «Кенже» атты экшн-триллер аталмыш трилогияның соңғы бөлігі болмақ. Бұл фильмде аға мен іні арасындағы тартыс суреттеледі. Ағасы адам өлтіруге тапсырыс қабылдап отырады, ал оны орындайтын - інісі.
Биыл экранға Ермек Шынарбаевтың «Дала үнi» (Голос степи) романтикалық мелордрамасы жарыққа шығады. Фильмнiң басты рөлiн француз актерi Жерар Депардье сомдайды. Бұл «Қазақфильм» мен француз кинематографтарының бiрлескен жобасы. Туынды желiсi бойынша франциялық Анатоль есiмдi акустика маманы мен Абай есiмдi қазақ жiгiттiң айналасында өрбидi. Олар қызық жағдайда кездесiп, одан шығар жолды бiрге табады. Фильм Париж бен Астана қалаларының рухани байланысы туралы әңгiмелейдi.
Сатыбалды Нарымбетов көрермендерге «Аманат» киносын тарту етпек. Шығарма репрессияға ұшыраған тарихшы Ермұхан Бекмаханов пен Кенесары ханның ұлт-азаттық қозғалысы туралы.
Досхан Жолжақсыновтың екiншi режиссерлiк еңбегi - «Құнанбай» көркем фильмi - қазақтың ұлы ақыны, жазушы, ағартушы Абай Құнанбаевтың әкесi салған сара жол жайында.
Комедия жанрынан да биыл кенде қалмайсыздар. Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ ағашы» (Ореховое дерево) және «16 қыз» атты екi комедия ұсынылмақ. Бiрiншi фильм келiндi ұрлап кетумен байланысты. Барлығы ананың баласына немере сүю арманынан басталады. Ары қарай достардың көмегi, ұрыс-керiс, аздаған түйткiлдер, той және жаңғақтар. Екiншi фильмнiң сюжетi белгiсiз. Себебi оны «Қазақфильм» «KANAIDAR Production» компаниясымен бiрiгiп түсiредi.
Сонымен қатар биыл «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы түсiрiлмек.