2015 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жиынтық таза табысы 304,8 млрд. теңгені құрады - Е. Бахмутова

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жиынтық таза табысы 304,8 млрд. теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған Қордың Қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директоры - Бас қарма мүшесі Елена Бахмутова мәлім етті.

2015 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жиынтық таза табысы 304,8 млрд. теңгені құрады - Е. Бахмутова

Оның сөзіне қарағанда, табыстың өсіміне негізінен бағам айырмашылығы оң әсер етті. Ал әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі бірлескен компаниялардағы табыс үлесінің азаюына әкеліп соқтырса, Қытай мен Ресей экономикасы өсімінің тежелуі жекелеген сала қызметтеріне зиянын тигізіп, жиынтық таза табысқа теріс ықпал еткен көрінеді.

«Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015 жылы операциялық EBITDA 638,9 млрд. теңгені құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 35 пайызға төмен және әлемдік нарықтағы мұнай бағасының 47 пайызға төмендеп кеткендігімен байланысты болып отыр. Айта кетейік, мұнай баррелінің орташа бағасы 2014 жылы 99 АҚШ долларын құраса, 2015 жылы 52 доллар деңгейінде болған еді.