2015 жылы Сара Брайтман Халықаралық ғарыш стансасына аттанбақ

Бұл туралы Роскосмос баспасөз қызметінің жетекшісі Анна Ведищева хабарлады.
Ресейдің федералды ғарыш агенттінің сайтында жазылғандай, аталмыш ғарыштық ұшыруды жүзеге асыру үшін тараптар қажетті жұмыстарды іске асыруға кірісті. Жақын арада С. Брайтманның ХҒС бортында тіршілік етуі мен әзірлігінің бағдарламасын әзірлеу және бекіту мәселесі талқыланбақ.
Әнші 2015 жылдың қазан айында ғарышқа аттанады деп жоспарланып отыр.
Сара Брайтман кандидатурасының «Союз» кемесі арқылы ғарыш саяхатшысы ретінде ұшуы алғаш рет 2012 жылдың тамыз айында мақұлданған болатын.
Әнші 1969 жылдан бері ғарышты бағындыруды армандаған. Бұл жайында Сара Брайтман БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында атап өтті. Биылғы жылы өнер иесі ««Dreamchaser» (Арман қуған) альбомын қолдау мақсатында әлемдік сахналарда өз шеберлігін паш етуде. Оны тәмамдағаннан кейін әнші ғарышқа ұшу үшін жарты жылдық дайындыққа кіріспек.