2015 жылы жарияланған ҚХА жылы аясында ауқымды шаралар өткізу жоспарлануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп белгіленді. Ауқымы кең, атаулы күнге дайындық әзірден басталды, деп хабарлайды astana.kz.

2015 жылы жарияланған ҚХА жылы аясында ауқымды шаралар өткізу жоспарлануда

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бұл жылы «Асар» жалпыреспубликалық акциясы өтеді. Сонымен қатар желтоқсан айында үлкен форум болады. «Біз жыл сайын Ассамблеяның сессиясын өткізетінбіз. Енді сессияның атын форум деп өзгертіп жатырмыз. Себебі, Елбасы айтқандай, бірлік пен татулықтың идеясы әр отбасына, әр үйге жетуі керек», - деді министр. Еліміз егемендік алғалы бір шаңырақтың астында 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұрақтылық пен бірлік сақтап, тату-тәтті өмір сүріп келеді. 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толады. Бұл дата ҚР Конституциясының 20 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай ұйымдастырылып жатқан шаралардың да ауқымы кең.

«1 наурызда Ассамблеяның құрылған күніне сәйкес арнайы іс-шаралар қарастырылған. Сонымен қатар сәуірде жыл сайынғы сессиямыз өтеді. Мамыр айында Жеңістің 70 жылдығына орай бір ай бойы ардагерлерге көмек көрсетіледі. Бұған қоса, Конституциямызға жиырма жыл толу мерейтойына орай да ауқымды шаралар өткізілмек», - дейді ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ келер жылы мәдени, спорттық әрі әлеуметтік шаралардан бөлек, халықаралық фестивальдер, ауқымды форумдар өткізу жоспарлануда.