2016-2020 жылдары Каспий жағалауы ойпаңында зерттеу жұмыстары жанданады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016-2020 жылдары Каспий жағалауы ойпаңында көмірсутектер кенін барлау жөніндегі «Еуразия» халықаралық жобасының қатысушылары зерттеу жұмыстарын жандандырады.

2016-2020 жылдары Каспий жағалауы ойпаңында зерттеу жұмыстары жанданады

 Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «дөңгелек үстелде» «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев мәлім етті.

«Атап айтқанда, ондағы аумақтар бірнеше аймақтарға бөлінген, осы ретте мәліметтер жинау тиісті деңгейде реттелмеген. Барлық жұмыстарды ретке келтіру керек, яғни Каспий жағалауы ойпаңы бойынша тиісті карталар жасалғанымен, бұл бағыттағы жұмыстарды жаңарту керек. 2016-2020 жылдары осы тұрғыдағы шараларды жүгізу қажет болып тұр»,-деп тоқталды ол.

С. Мыңбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінге дейін бұл жұмыстарды ұлттық компанияның құрамындағы жобалау тобы атқарып келді.

«Қазіргі кезде Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияның шешімімен бұл бағыттағы жұмыстармен айналысатын тиісті ЖШС-ны құру кезеңіндеміз. Өткен жылдарда зерттеу шараларына біз шамалы сомада қаржы жұмсадық және ары қарай қаржыландыруға даярмыз»,-деді компания басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, «Еуразия» жобасы 2014 жылы Қазақстан мен Ресей президенттеріне таныстырылған болатын. Бұдан кейін жоба «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарына енгізілген еді.