2016 жылдан 100 пайыздық спирттің 1 литріне акциздік мөлшерлеме 1380 теңгеге дейін төмендетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Құжат «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 39-, 65- және 67-қадамдарын іске асыру, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру жолымен қолайлы кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру мақсатында әзірленген болатын.

2016 жылдан 100 пайыздық спирттің 1 литріне акциздік мөлшерлеме 1380 теңгеге дейін төмендетіледі

Заңда салық саясаты бойынша бірқатар шаралар қамтылып отыр. Мәселен, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне тұрудың шекті мөлшерін 59,4 млн. теңгеден 6,4 млн. теңгеге төмендету, тауарларды импорттау кезінде қосылған құн салығы есепке алу әдісімен төленетін нормалардың қолданылу мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту, жеке кәсіпкер ретінде тіркеу алымын төлеуді алып тастау қарастырылады. Бұдан бөлек, геологиялық барлау жұмысы кезеңі ішінде жиналған қосылған құн салығын бес жылдың ішінде қайтару көзделіп отыр.

«Заң жобасын қарау барысында депутаттар акциз мөлшерлемелерін сатылап арттыруды көздейтін алкоголь өнімдеріне акциз мөлшерлемелерінің мөлшерін белгілеуді ұсынды. Жалпы заңсыз өнімдер импорты деңгейінің ұлғаю мүмкіндігі жағдайында отандық алкоголь өнімдерін өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында акциз мөлшерлемесін 100 пайыздық спирттің 1 литріне 1600 теңгеден 1380 теңгеге дейін 2016 жылы ғана төмендетуді ұсынамыз (2015 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өсу). Бұл жағдайда жергілікті бюджеттердің толық түспеуі 4 573,0 млн. теңгені құрайды. Аталған ұсыныс кезекті үшжылдық кезеңге (2017 - 2019 жылдар) арналған жалпы сипаттағы ресми трансферттер көлемі Бюджет кодексіне сәйкес 2016 жылы бекітілетіндігімен түсіндіріледі. Бұдан басқа, 2017 жылдан бастап бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде акциздердің мөлшерлемелерін одан әрі үйлестіру көзделуде. 2017-2019-жылдарға күшті алкоголь өнімдері акциздерінің мөлшерлемелерін белгілеуді «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 44 және 45 - қадамдары шеңберінде 2016 жылы салықтық заңнаманы реформалау және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша заң жобасын әзірлеу кезінде қарауды ұсынамыз», - дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Министрдің айтуынша, құжатты қабылдау, ең алдымен, қолайлы бизнес-ортаны құруға, мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын іске асыруға және одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ықпал ететін болады.