2016 жылдан бастап Қазақстанда энергетика саласында жаңа нарық енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдан бастап Қазақстанда энергетика саласында жаңа нарық енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын таныстырған ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов айтты.

2016 жылдан бастап Қазақстанда энергетика саласында жаңа нарық енгізіледі

«Ағымдағы жылдың басында Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары ішінде электр энергетикасы саласына байланысты нақты 2-3 тапсырма болды. Сол тапсырмалар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрініс тапты. Нақты айтсақ, 50-ші қадам электр энергетикасы саласын қайта құру, «бірыңғай сатып алушы» моделін енгізуді қарастырса, 52-ші қадам электр энергетикасы саласына инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізуді көздейді», - деді ол.

Комитет төрағасының атап өтуінше, соңғы 7 жыл бойы елімізде шекті тариф саясаты жүргізілген. Сол саясаттың арқасында энергетика стансаларда күрделі жөндеу жұмыстары тиянақты атқарылып, 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция тартылды.

«Осы уақыт ішінде жұмыс істеп тұрған энергия қуаттарының 5 мың МВт-ына күрделі жөндеу жүргізіліп, қосымша 3 мың МВт-қа жуық энергия қуаты енгізілді. Бірақ, 2015 жылы шекті тариф аяқталады. Сондықтан 2016 жылдан бастап энергетика саласында жаңа нарық енгізіледі», - деді С.Есімханов.

Оның айтуынша, жаңа заң жобасында электр қуатының нарығы мен бірыңғай сатып алушыны енгізу көзделген. Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы үшін, оның ішінде инвестициялық ахуалға да, келеңсіз әлеуметтік-экономикалық салдарға да әкеп соқпайды.