2016 жылдан бері гранттық қаржыландыру бойынша 15 жоба экспортқа шыққан

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2016 жылдан бері коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бойынша 151 жоба бекітілді. 93 бастама іске асырылды, қалған 58-і іске асырылу сатысында, 15 жоба экспортқа шықты.
None
None

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының Telegram каналындағы мәліметтерге қарағанда, елімізде 2016 жылдан бері коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бойынша 151 жоба бекітілген. Оның ішінде 93 бастама іске асырылып қалған 58-і іске асырылып жатыр, 15 жоба экспортқа шықты. Жобаларды іске асыру аясында 16,4 млрд теңгенің өнімі сатылды, оның ішінде экспортқа 346,7 млн теңгенің өнімі шығарылды. Төленген салық сомасы 5,2 млрд теңге, 1 411 жұмыс орны құрылды. Ғалымдардың табысы 5,7 млрд. теңге болды.

Е.Тоғжанов атап өткендей, жобаларды коммерцияландыруға бағытталған гранттардың негізгі мақсаты технологияларды құру және оларды алғашқы сатылымға жеткізу болып табылады. Мұның бәрі Қазақстанға экономикадағы ғылымның өзіндік зияткерлік әлеуетін құруға, Ғылым қоры желісі бойынша іске асырылатын ғылыми-техникалық қызметтегі жобаларды ынталандыру шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

Жиында осы атқарылған жұмыс туралы есепті баяндамалармен импорт алмастыру саласында мемлекеттік гранттар алған және іске асырған кәсіпорындардың басшылары сөз сөйледі. Кейбір заңдарға өзгерістер енгізу қажет екендігі айтылды, бұл мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге және зияткерлік әзірлемелерден кіріс алуға мүмкіндік береді.

Вице-Премьер бейінді министрліктер мен ведомстволардың басшыларына проблемалық мәселелерді пысықтап, оларды шешу бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар енгізуді тапсырды. «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорына грант алушыларды ұзақ мерзімді тапсырыстармен (оффтейк) қамтамасыз ету мәселесін пысықтау міндеті қойылды. Ғылым қорына коммерцияландыру жобалары үшін бизнес-акселерация бағдарламасын ұйымдастыру тапсырылды.

Кеңес соңында Ералы Тоғжанов Үкімет, мемлекеттік органдар, грант алушылар мен ғалымдардың алдына бірқатар нақты міндеттер қойды. Олардың ең бастысы-өңдеу өнеркәсібіндегі 5-6 қайта өңдеуге көшу үшін отандық ғылымның әлеуетін тарту.

Кеңес жұмысына орталық мемлекеттік органдардың, жетекші ғылыми институттардың өкілдері, инновациялық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеушілер, мемлекеттік грант алушылар қатысты.


Соңғы жаңалықтар