2016 жылдан инвесторлар 360-тан астам мемлекеттік қызметті «жалғыз терезе» қағидаты бойынша алады - Ә.Исекешев
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдан бастап инвесторлар 360-тан астам мемлекеттік қызметтерді «жалғыз терезе» қағидаты бойынша алады. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстандағы белсенді инвестициялық қызметі үшін шетелдік инвесторларды марапаттау рәсімінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
«2016 жылдың 1 қаңтарынан барша инвесторлар үшін «жалғыз терезе» қағидаты жұмыс істейді. Мемлекеттен алынатын барлық қызметтер, рұқсатнамалар, яғни біздің есептеуіміз бойынша 363 қызметті инвесторлар «жалғыз терезе» қағидаты бойынша бір жерден алады», - деді Ә.Исекешев. Осы орайда ол Қазақстан бұдан ары қарай да инвесторлармен жұмыс істейтіндігін, бұл тұрғыда еліміз осы өңірде инвесторлар үшін ең қолайлы жер болуы бағытында барлық мәселелер шешілетіндігін атап өтті. «Жаңа жылдан бастап Президенттің Жолдауы аясында Премьер-Министрдің жетекшілігімен Үкіметтік кеңес құрылады. Менің ойымша, алдағы жылы инвесторларға қолайлы жағдайлар арта түседі. Біз бұл бағыттағы жұмыстармен күн сайын айналысамыз», - деп түйді министр. Айта кетейік, бүгін елордада белсенділік танытқан 10 шетелдік инвестор марапатталды.