2016 жылдың 1 қаңтарынан «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 1 қаңтарынан «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы бүгін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
«Бүгін біз шетелде кадрларды даярлау жөніндегі комиссияның осы жылғы соңғы отырысын өткіземіз. Жақында ғана Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын ұсынды. Онда жаңа әлеуметтік саясатқа аса көңіл бөлінді. Оның ішінде, әрине, кадрлар даярлау мәселесі бүгінгі күнде өзекті жайттардың бірі. Осыған байланысты «Болашақ» бағдарламасы бойынша да өзгерістер дайындалды. 1 қаңтардан бастап жаңа өзгерістер жүзеге асатын болады», - деді ол.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде ұлттық экономиканың жетекші салаларын екпінді дамыту үшін озық білім мен тәжірибені белсенді түрде трансферттеу процесіндегі ерекше рөлді атап өтті.
Комиссияның шешімімен магистратурада және докторантурада оқуға әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдаға жіберілетін 375 үміткерге стипендия тағайындалды.
Сонымен қатар комиссияның жұмысы аясында 2016 жылға басым мамандықтар тізбесі бекітілді. Мамандықтардың жаңа тізімі мемлекеттік органдардың тапсырыстары бойынша ғана жасақталды және екі есеге дейін қысқартылды. Тізбеде барлығы 161 мамандық ұсынылған. Оның 45-і медицина, 67-сі техникалық және 49-ы гуманитарлық мамандықтардан тұрады. Отырысты қорытындылаған Г.Әбдіқалықова 2016 жылы стипендияны дамытудың жаңа бағыттарын іске асыруға және үмтікерлерді іріктеудің сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.