2016 жылдың 1 тоқсанында әскери соттарда 49 іс қаралды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 1 тоқсанында әскери соттарда 49 іс қаралды. Бұл туралы бүгін ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Жандос Мұсабекұлы мәлім етті.
«2016 жылдың 1 тоқсанында гарнизондық әскери соттарында және ауданаралық мамандандырылған қылмыстық қылмыстық істер қарау сотында 49 іс қаралды. Былтырғы жылмен салыстырғанда қаралған істер саны 30 пайызға азайды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, қосымша тергеуге жіберу институты алынып тасталуына байланысты қайта тергеуге жіберілген істер болмаған. Мұнан бөлек, 4 қылмыстық іс өндірісі қысқартылған. Ал медиация тәртібімен қысқартылған қылмыстық іс болмаған.
«2016 жылдың 1 тоқсанында жеке айып бойынша 2 тұлғаға байланысты 2 ақтау үкімі шықты», - деді Ж.Мұсабекұлы.