2016 жылдың 1 жартыжылдығында орын алған қылмыстардың 10 пайызын жастар жасаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 1 жартыжылдығында орын алған қылмыстардың 10 пайызын жастар жасаған. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2016 жылдың 1 жартыжылдығында орын алған қылмыстардың 10 пайызын жастар жасаған

«2016 жылдың 1 жартыжылдығы бойынша жалпы жасалған қылмыстардың 10 пайызы жастардың үлесінде. Бұл ведомствоаралық мәселе болғаннан кейін министрік ІІМ-мен бірлескен кешенді іс-шаралар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі ерікті жасақшылар қатарында 3 мыңнан астам оқушы жастар қатысуда. Бұл жұмысқа жұмыссыз жастар да тартылып отырады. Осы орайда ерікті сақшылардың қатарын жұмыссыз және оқымайтын жастар есебінен көбейту ұсынылады»,- деді ол.

Мұнан бөлек, министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде еріктілер қызметі туралы Заң қаралып жатыр.

«Осыған орай келесі шаралар іске асырылатын болады. Бірінші - Жастар ресурстық орталықтары арқылы әрбір ауданда және қалаларда ұйымдаспаған жастарды анықтап, олармен тікелей жұмыс жүргізу. Екінші, қазіргі уақытта Жастар ғылыми-зерттеу орталығымен әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтап, атаулы жұмыстарға шаралар әзірлеу. Үшінші, жастар жиі жиналатын орындарда зиянды мінез-құлықтарды анықтау үшін жастардың өздерін, Жастар ресурстық орталықтарын, оқу орындарының жастарын тарту арқылы тұрақты мониторинг жүргізудің тетіктері мен тәртібін әзірлеу. Төртінші, колониялардан босаған жастарға әлеуметтік бейімдеу шараларына қосымша ретінде «Жасыл ел» жасақтарына тарту. Бесінші - үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдарды жастар арасындағы жұмыстарға тарту», - деді Н.Ермекбаев.