2016 жылдың бірінші жартысына арналған ерекше тәртіп бойынша тексерулер кестесіне талдау жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне бақылау және қадағалау органдарының тексерулер кестесін орналастыру жүктелген.

2016 жылдың бірінші жартысына арналған ерекше тәртіп бойынша тексерулер кестесіне талдау жасалды

Атап айтқанда, комитетке 2016 жылдың 1-жартыжылдығына арналған ерекше тәртіп бойынша тексерулер кестесіне орналастыру үшін төрт мемлекеттік органның, яғни ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің, ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің, ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің, Қарулы Күштердің Бас әскери-медициналық басқармасының тексерулер кестелері келіп түсті.

«Комитет заң бұзушылық болып табылатын мемлекеттік тіркелген сәтінен 3 жыл мерзімі өтпеген шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексерулер кестелеріне қосу фактілерін анықтау үшін келіп түскен кестелерге талдау жүргізді. Мониторинг барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарында осындай 77 факт, төтенше жағдайлар жөніндегі органдарда 20 факт, сонымен қатар кестелерге дұрыс емес деректерді енгізуге байланысты 200-ден астам бұзушылық анықталды»,-деп атап өтілген Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Осыған байланысты, уәкілетті органдардың мекенжайына заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныстар енгізіліп, заңсыз тексерулер кестелерден алынып тасталды.

«Жүргізілген жұмыстың нәтижелері бойынша келіп түскен барлық кестелер Бас прокуратураның сайтында орналастырылды. ҚСжАЕК заңсыз тексерулердің алдын алу, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуын болдырмау бойынша жұмысты жалғастыруда», - делінген таратылған мәліметте.