2016 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда мемлекеттік органдарға тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға беруге дайындық жұмыстары аяқталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда мемлекеттік органдарға тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға беруге дайындық жұмыстары аяқталады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті.

2016 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда мемлекеттік органдарға тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға беруге дайындық жұмыстары аяқталады

«Толықтай алғанда, мемлекеттік органдардың қызметін бәсекелестік ортаға беру келесі алгоритммен ұсынылады. Бірінші қадам - бәсекелестік орта мен өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру үшін мемлекеттік органдардың қызметіне жыл сайын түгендеу жүргізу. Ағымдағы жылы бұл жұмыс мамыр айының соңына дейін жүргзіледі. Екінші қадам - нарықтық дайындығына сараптама жүргізу. Бәсекелестік орта мен үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимылда негізгі рөл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның Азаматтық альянсына жүктеледі. Үшінші қадам - түгендеу мен нарықтың дайындығына жүргізілген сараптама негізінде комиссия Үкіметке шешім қабылдау үшін ұсыныс енгізетін болады. Бұл қадамды ағымдағы жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланған», - деді М.Құсайынов.

Оның атап өтуінше, мұнан ары ұсыныстарды Үкіметтің мақұлдауын ескере отырып, мемлекеттік органдар заңнамалық жұмыстар арқылы нарыққа қызметтерді тікелей беруге кіріседі.

Сонымен қатар вице-министр өз баяндамасы барысында Ұлт жоспарының 97-қадамына сәйкес өзін-өзі реттеу және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту арқылы шешім қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіншілігін кеңейту қарастырылғанын атап өтті. Бұл қадамды жүзеге асыру барысында әлемдік үздік тәжірибе зерделенген әрі АҚШ-тың қолданыстағы әдістері негізге алынған. Сәйкесінше заң жобасы ағымдағы жылдың шілдесінде комиссия назарына ұсынылатын болады.