2016 жылдың сәуіріне қарай базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізіледі - Е. Досаев

Айта кетерлігі, ағымдағы желтоқсанның 8-інде Үкімет пен Ұлттық банктің 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы жоспары мақұлданған болатын. Аталған жоспар екі бөлімнен тұрады. Оның біріншісі, Елбасының қараша айындағы Жолдауы бойынша бес негізгі бағыт шеңберінде жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру. Екіншіден, экономика өсімін және оған кредит беруді ынталандыру бойынша шаралар.
«Ұлттық банк пен Үкіметтің орта мерзімді перспективадағы негізгі мақсаты 2016-2017 жылдары инфляцияны 6-8 пайыз дәлізінде, 2018 жылы 5-7 пайыз, 2019 жылы 4-6 пайыз, ал 2020 жылға қарай 3-4 пайызға дейін төмендету көзделеді. Бұл ретте 2016 жылдың сәуірінде базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізілетін болады, бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталады. Ақша-кредит саясаты операциялардың тиімділігін арттыруға, оның ақша нарығының мөлшерлемелеріне ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді», деді Е. Досаев.