2016 жылдың шілдесіне дейін 3 мыңнан астам кәсіпорын энергия аудитінен өтуі қажет - А.Ержанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың шілдесіне дейін 3 мыңнан астам кәсіпорын энергия аудитінен өтуі қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов мәлім етті.

2016 жылдың шілдесіне дейін 3 мыңнан астам кәсіпорын энергия аудитінен өтуі қажет - А.Ержанов

Энергия үнемдеу мемлекеттің стратегиялық және жаңа индустриаландыру саясатының міндеттеріне жататындығын айтқан ол: «Осыған байланысты қазіргі таңда қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін маңызды іс-шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда, біріншіден, нормативтік-құқықтық база құруда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңның қабылдануы - энергия тиімділігін арттыру саясатын дамытудағы маңызды кезең саналады. Екіншіден, заңның аясында маңызды норрмативтік-құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттар қабылдануда. Соның ішінде көлік технологияларына, үйлер мен ғимараттарға, құрылыс материалдарына энергия үнемдеу бойынша міндеттер мен талаптар қойылды», - деді.

Оның айтуынша, үшіншіден «Мемлекеттік энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы аясында өңірлік және салалық энергия үнемдеу жоспарлары орындалуда. Төртіншіден, энергия үнемдеу заңының басты тетігі мемлекеттік энергетикалық тізілімінің қызмет етуіне байланысты 2016 жылдың шілдесіне дейін 3 мыңнан астам кәсіпорын энергия аудитінен өтуі қажет.

«Энергия аудитінің қорытындысы бойынша осы кәсіпорындардың энергия үнемдеу жоспарлары жабдықтарды техникалық процестерді, ғимараттарды жаңғыртуға бағытталатын болады. Қазіргі таңда ірі кәсіпорындар энергия аудиттерін жүргізіп, энергия үнемдеу шараларын орындауға кірісіп кетті. Бесіншіден, энергия үнемдеуді насихаттау және кадрларды дайындауда халықпен жұмыс істеу болып табылады», - деді А.Ержанов.