2016 жылға дейін 30-ға жуық аурухана салынады - ҚР ДСМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 мектеп, 100 аурухана құрылысы» жобасы бойынша 28 нысан құрылысын 2016 жылдың соңына дейін іске асыру көзделген, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежанов.
None
None

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режимде өткен ҚР Үкіметі жанындағы Денсаулықты сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің (ҰҮК) ХХІІ отырысында ол «100 мектеп, 100 аурухана құрылысы» жобасы бойынша 71 нысан құрылысы аяқталғанын жеткізді. 28 нысан құрылысы (22 нысан - республикалық бюджет есебінен, 6 нысан - мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі арқылы) 2016 жылдың соңына дейін іске асыру көзделген.

«350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана құрылысы» жобасы бойынша 103 нысан құрылысы аяқталып, іске қосылды. 242 нысан құрылысын (99 нысан - республикалық бюджет есебінен, 126 нысан - жергілікті бюджет есебінен, 17 нысан - мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі бойынша) 2016 жылдың соңына дейін іске асыру жоспарланып отыр.

Ұлттық үйлестіру кеңесі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне 2014 жылы іске қосу жоспарланған денсаулық сақтау нысандарын уақытылы пайдалануға беру, дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пунктер құрылысына жергілікті бюджеттен уақытылы қаржы бөлу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігіне республикалық бюджеттен бөлінген қаражат игерілмеген жағдайда оның көлемін қысқарту немесе басқа басымды бағыттарға жұмсау тапсырылды.

ҚР Өңірлік даму министрлігіне жобалық-сметалық құжаттарға сапалы сараптама жасау бойынша шаралар қабылдау жүктелді.

Соңғы жаңалықтар