2016 жылға қарай Қазақстан кірпіш импортынан толығымен бас тартады - ИЖТМ
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Ішкі нарықта елімізде өндірілген құрылыс материалдарының үлесі 2010-2013 жылдары 15,8 пайыздан 71 пайызға дейін ұлғайды. Бұл туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, егер 2008 жылы гипс қатырмасы бойынша импорт 100 пайыз болса, 2013 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ішкі нарықта өндіріс көлемі 87,7 пайызды құраған. Министрлік мәліметтеріне қарағанда, елімізде гипс қатырмасын және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру бойынша «Жамбылгипс» АҚ-ы, «Alina» ЖШС-і, «Knauf Kazakhstan» ЖШС-і, «Alit» -ЖШС-і секілді 4 кәсіпорын қызмет етіп жатыр.
Сонымен қатар, 2013 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ішкі нарықта отандық кірпіштің үлесі 68,8 пайызды құрады. Айта кетерлігі, Қазақстанда 7 жаңа кірпіш зауытының құрылысы аяқталып, қуаттары іске қосылғаннан кейін 2016 жылға қарай өнімнің осы түрін импорттаудан толығымен бас тарту жоспарланады. Республика аумағында 110 кірпіш өндіруші қызмет етеді.
Өз кезегінде, іске қосылған жаңа зауыттардың арқасында, қазір ішкі нарықтың 60 пайыз отандық өндірістегі материалдармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, өткен жылы терезе мен есіктер үшін профиль өндіру бойынша қуаттылығы жылына 7000 тонна өнімді құрайтын «Триумф М.М.С» зауыты» ЖШС-і және Астана қаласында қуаттылығы жылына 6000 тонна өнімді құрайтын «Функе Кунсштоффе» ЖШС-і жүзеге асырылған. Аталмыш зауыттарды іске қосу нәтижесінде елімізде өнімнің бұл түріндегі мұқтаждығы толықтай отандық өндіріспен қамтамасыз етілген.