2016 жылға қарай Қазақстан өңірдің сауда, логистикалық және іскерлік орталығына айналуы тиіс - Н.Назарбаев
Республика жолдарында транзиттік және ішкі жүктерге қалай тексеру жүргізілетіндігін сынға алған Елбасы: «Өскемен автозауытының машинасы тиелген көлік Астанаға 10, сәтті жағдайда аптада жетеді. Мен жолдан ба, деп сұраймын? Жоқ, жол жақсы, ал кім әкеле жатыр, қалай әкеле жатқандығын тексергісі келетіндер көп. Бұл неліктен жасалатыны түсінікті», - деді.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, ішкі өнімімізді тасымалдау осындай кедергіге душар болып отырғанда, трансшекаралық жүктерді тасымалдау жағдайы туралы әңгіме қозғаудың өзі орынсыз. «Бұған қандай шетелдік инвестор шыдайды?», - деді Н.Назарбаев.
Елбасының атап өтуінше, Еуропа мен Азия арасындағы көпір болып табылатын еліміз арқылы жүк тасымалдау бюджетке және мемлекетке мол кіріс әкеледі.
«Біз жемқорлықтан ада, қауіпсіз және жайлы жаңа Жібек жолын құруымыз керек. 2016 жылға қарай Қазақстан өңірдің сауда, логистикалық және іскерлік орталығына айналуы тиіс. Бұл индустриялық-инновациялық бағдарламаның маңызды бөліктерінің бірі», - деді Мемлекет басшысы.