2016 жылға Қазақстанда шетел мамандарына 60 мыңнан астам еңбек квотасы бекітілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылға шетел мамандарына 60 мыңнан астам еңбек квотасы бекітілді. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ақмәди Сарбасов мәлім етті.
«Сыртқы еңбек көші-қонына тоқталатын болсақ, бұл тұрғыда реттеу жүргізетін негізгі тетік ретінде квота мен рұқсатнама беру жүйесі сақталады. Осы орайда біз бөлек салалардан өзге осы жүйеден бас тартуды көздеп отырғанымыз жоқ. Еңбек нарығын қорғау мақсатында біздегі жүйе квоталанған. 2016 жылға 63 мың адамға квота бекіттік, бұл экономикалық белсенді халықтың 0,7 пайызы»,-деді А. Сарбасов «Көші-қонның әлеуметтік-экономикалық әсерлері: мигранттардың қорғансыздығы және Орталық Азиядағы интеграциялық қажеттіліктер» атты дөңгелек үстелде.
Оның сөзіне қарағанда, бұл экономикаға білікті шетел мамандарын тартудың жоғары шегі және жеткілікті деңгейі болып табылады.
А. Сарбасовтың айтуынша, сонымен қатар ол үй шаруашылықтарына жұмыс істеу үшін тек ТМД азаматтарына рұқсатнама беру жүйесі бар. Бұл тұрғыда өсім бар көрінеді. 2015 жылы ТМД азаматтары үшін 141 мың рұқсат берілген екен.