2016 жылғы 1 наурызға дейін жаңа Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жылдың соңына дейін 2016-2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

2016 жылғы 1 наурызға дейін жаңа Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленеді

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен жаңа әлеуметтік саясат шеңберінде: әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыру, әлеуметтік атаулы көмектің жаңа форматын енгізу тәжірибесін кеңейту, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын айқындау әдіснамасын өзгерту, сондай-ақ азық-түлік себетінің құрамын және тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларын қайта қарау мақсатында 2030 жылға дейін әлеуметтік даму Тұжырымдамасы өзектілендірілетін болады», - деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың соңына дейін 2016-2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, 2016 жылғы 1 наурызға дейін жаңа Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленеді.

Сонымен қатар министр 2017 жылдан бастап білім беру саласында «Баршаға арналған кәсіптік-техникалық тегін білім» туралы жаңа жобаны іске асыру басталатынын атап өтті.