2016 жылғы дүниежүзілік кітап астанасы таңдалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Польшаның Вроцлав қаласы 2016 жылғы дүниежүзілік кітап астанасы атанбақ. Мұндай шешімді 24 маусымда Париж қаласында БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі штаб-пәтерінде өткен отырыс барысында 24 сарапшыдан құралған халықаралық комитет қабылдады, делінген ЮНЕСКО хабарламасында.

2016 жылғы дүниежүзілік кітап астанасы таңдалды

Іріктеу комиссиясы бағдарламасы жоғары сапалылығымен әрі алуан түрлілігімен ерекшеленгені үшін Вроцлав қаласын таңдаған. Атап айтқанда, бұл бағдарламада көп адамның тартылуына, кітап басып шығару ісі, сату салаларына және өңірлік, халықаралық деңгейдегі кітапханаларға қолдау көрсетуге баса назар аударылған.

ЮНЕСКО-ның бас директоры Ирина Бокова қала тұрғындарын осы мәртебеге ие болуларымен құттықтады.

«Вроцлавтағы азаматтық көшбасшылар тамаша бағдарлама әзірлеген, ол жыл бойы жұртшылық қауым арасында кітап оқу дағдыларын дамытуға ықпал ететін болады», - деді ол.

Бас директор сондай-ақ іріктеу комиссиясына «кітапты таратуға және оны әлемдегі түрлі өңірлер қалаларының бейілділігін айқын көрсететін жаһандық бастама арқылы оқытуға бағытталған қоғамға пайдалы жұмысы үшін» алғысын білдірді.