2016 жылғы Олимпиада Рио-де-Жанейродан Лондонға ауыстырылуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық Олимпиада комитеті 2016 жылы өтетін Олимпиада ойындарын Рио-де-Жанейродан Лондонға ауыстыру мүмкіншілігін қарастыруда, деп хабарлады шетелдік БАҚ.
Британдық Evening Standart басылымының жазуынша, ХОК Бразилия қаласындағы Олимпиада ойындарына дайындық қарқынын көріп, естен танып отыр. Сондықтан комитет құпия түрде Лондоннан төрт жылда бір мәрте өтетін әлемдік доданы тағы бір мәрте өткізуге дайындығын сұраған көрінеді.
«ХОК дайындықты жеделдету үшін арнайы топ құрды, бірақ ахуал сын көтермейді», - дейді Сиднейде өткен конгресте ХОК вице-президенті Джон Коутс.
Бейресми ақпараттарға қарағанда, Олимпиаданың басталуына 2 жыл қалған уақыттағы қаланың оны өткізуге дайындығы небәрі 10 пайызды ғана құрайды.
2012 жылғы Лондон ойындарын ұйымдастыру комитеті қызметкерлерінің бірі Уилл Глендиннинг қаланың 2016 жылғы Олимпиаданы өткізуіне барлық мүмкіншілігі бар екендігін айтуда. Дегенмен, ХОК жазғы ойындарды Рио-де-Жанейродан Лондонға ауыстыру мүмкін еместігін мәлімдеді.