2016 жылғы сәуірде базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізіледі - Е.Досаев
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру үшін бірқатар шаралар көзделіп отырғанына тоқталған министр: «Бірінші бағыт қаржы секторын тұрақтандыруға қатысты. Бұл тұрғыда Үкімет пен Ұлттық банктің орта мерзімді перспективадағы негізгі мақсаты инфляцияны 2016-2017 жылдары 6-8%-ға дейін, 2018 жылы 5-7%-ға дейін, 2019 жылы 4-6%-ға дейін және 2020 жылы 3-4%-ға дейін төмендету болып табылады», - деді. Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылғы сәуірде базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізілетін болады, ол баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталады. Бұл ақша-кредит саясаты операцияларының тиімділігін арттыруға және оның ақша нарығының мөлшерлемелеріне ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жұмыс істемейтін кредиттер тұрғысынан банк секторының барлық субъектілеріне жүргізілген стресс-тестілеудің нәтижелері бойынша қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2016 жылғы қыркүйекке дейін оларды мойындау және есептен шығару жөніндегі шаралар қабылданатын болады.