2016 жылы 102 млрд. теңгеге 1034 түрлі дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы жабдықтар сатып алу жоспарланған
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы 102 млрд. теңгеге 1034 түрлі дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы жабдықтар сатып алу жоспарланған. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де өткен брифингте «СК-Фармация» ЖШС басқармасының төрағасы Нұржан Әлібаев мәлім етті.
«Денсаулық сақтау саласын жүзеге асыру үшін құрылған бірыңғай дистрибьютордың 6 жылдық жұмысы барысында 440 млрд. теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды. Бірінші кезекте олар туберкулез, ЖИТС, гепатит, диабет сынды әлеуметтік маңызы бар ауруларды, сонымен қатар онкологиялық және онкогематологиялық патологияларды емдеуге арналған. Бұл кезеңдегі үнем 37 млрд. теңгеден асып жығылады», - деді ол.
Басқарма басшысының атап өтуінше, мұндай нәтижеге екі деңгейлі тендер процедурасын қолданудың арқасында қол жеткізіліп отыр. Бірінші кезеңде біліктілік талаптарына сәйкес әлеуетті жеткізу іріктеп алынса, екінші кезеңде бағаларды төмендету бойынша аукцион жүргізіледі.
«2016 жылы жалпы сомасы 102 млрд. теңгені құрайтын 1034 түрлі дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы жабдықтарды сатып алу жоспарланған. 20 желтоқсандағы жағдайға сәйкес 78,6 млрд. теңге сомаға 830 түрлі дәрі-дәрмек сатып алынды. Сатып алулар 2014 жылғы бағамен жүргізілді. Біз медициналық ұйымдарға бұл медикаменттерді 2016 жылдың 1 қаңтарынан жеткізе бастаймыз», - деді Н.Әлібаев.