2016 жылы 60-тан астам қазақстандық иіс тиіп уланып қайтыс болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы 66 адам иіс тиіп уланып көз жұмған. ҚР ІІМ ТЖ Комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың хабарлауынша, 2016 жылдың 11 айы ішінде пеш жағып жылыту ақауынан республика бойынша 1088 адам зардап шекті, оның 342-сі балалар. Сонымен бірге, 66 адам қайтыс болды, оның 10-ы балалар.
None
None

Төтенше жағдайлар республиканың барлық дерлік аумағында болған. Сараптаманың көрсетуінше,  иіс тиіп мерт болғандардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан өңірлерінің тұрғындары. Негізгі себептер - пеш құрылысындағы жарықшақтар; тазартылмаған түтіндікті, ақауы бар пеш құрылғысын қолдану. Одан бөлек, қарапайым ұмытшақтықтың салдары қайғылы жағдайға әкеп соғады -  тұтынушылар түтіндіктің жапқышын ашуды, пешті дер кезінде тазалауды ұмытып кетеді, түтіннің қалай шығып жатқанын да тексермейді немесе пеш жағуды балаларға сеніп тапсырады.

Аталған қайғылы жайттардың алдын алу үшін тұрғын үй секторларында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жаднамалар таратылуда. Алайда, осыған қарамастан азаматтардың барлығы маман кеңестеріне құлақ аспауда. ТЖ Комитеті түнгі уақытта газ құрылғысы мен жылыту пештері орнатылған бөлменің терезесін ашып қоюға және онда ұйықтамауға кеңес береді.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті «ҚазТрансГаз» АҚ газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператормен бірлесіп, иіс газынан уланудың алдын алуға бағытталған әлеуметтік бейнеролик түсірді. Әлеуметтік бейнеролик идеясы - иіс газының қауіптілігіне халықтың назарын аудару. 

Соңғы жаңалықтар