2016 жылы 7 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды - Шпекбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы 7 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2016 жылы 7 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды - Шпекбаев

"Біз жемқорлық схемаларын анықтау жұмысына көп көңіл бөліп келеміз. 2016 жылдың өзінде 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі анықталып, 90-нан астам лауазымды қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мұндай қылмыстық топтар Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтсүтік Қазақстан облыстарында қызмет еткен", - деп атап өтті Алик Шпекбаев.

Агенттік төрағасының орынбасары атап өткеніндей, Оңтүстік Қазақстан облысында Тіркеу-емтихан алу бөлімінің бастығы басқарып келген қылмыстық топ ұсталды. Сот алдындағы тергеу аясында 50 лауазымды тұлға қылмыстық іске тартылып отыр, оның 34-і қамауға алынған.

Шпекбаевтың сөзінше, былтыр жемқорлықтың 89 фактісі тіркелген. Олар бойынша 360 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Олардың қатарында Есеп комитетінің аудиторлары, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің лауазымды қызметкерлері, «Бәйтерек-Девелопмент» пен «Қазақавтожол» топ-менеджерлері құрған қылмыстық схемалар да бар. Олардың топтарында кемінде 20 адам болғаны анықталды.