2016 жылы барлық қазақстандықтардың арманы орындалсын деп тілеймін - Н.Назарбаев
"Барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Бүгін Астанада еліміздің бас шыршасының шамын жақтық. Тура бір айдан кейін жаңа жыл босағамыздан аттайды. Бір ай бойы барлығымыз армандап, жаңа жылға жаңа мақсаттар жоспарлаймыз. 2016 жылы барша қазақстандықтардың армандары орындалсын деп тілеймін", - деді елорда тұрғындары мен қала қонақтарын құттықтаған Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, биыл ұзындығы 25 метр бас шырша елордадағы «Хан Шатыр» ойын сауық орталығының алдындағы мұз қалашығының аумағына орналастырылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шыршаны көруге келген барлық отандастарын Қазақстанның кемел болашағы үшін еңбек етуге шақырды.
"Біз Отанымыз Қазақстанды жақсы көреміз, елордамыз Астананы мақтан етеміз. Жерімізді, өзен-суларымызды, тау-тасымызды, орман-көлдерімізді сүйеміз. Отансыз адам ормансыз бұлбұл деген. Барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Жұмыстарыңызға жеміс, оқуларыңызға сəттілік тілеймін. Бақытты болыңыздар!" - деді Елбасы Н.Назарбаев.